Алғашқы болжам бойынша көкек ана көрші елді мекендердің бірінен болуы мүмкін

Ақмола облысында жантүршігерлік оқиға болды. Атбасар қаласында 7-ші ақпан күні құдықтардың бірінен қапқа салынған 2-3 айлық нәрестенің денесі табылды.

Оны сол жерде жөндеу жұмыстарын жүргізген су арнасының жұмысшылары тауып алған. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Баланың өлі денесі табылғаны туралы суық xабарды Атбасарда естімеген адам жоқ. Үстінде сырт киімі бар, қапқа салынған нәрестенің денесі қаладағы Чапаев көшесіндегі ескі құдықтан табылған. Қыз баланың ол жерде қанша уақыт жатқаны белгісіз.

Қалада бұрын-соңды мұндай жайт тіркелмепті. Жаға ұстатарлық оқиғадан шошып қалған тұрғындар баласын аяусыздықпен лақтырып кеткен көкек ананың көрші ауылдардан болуы мүмкін дейді.

Сондай-ақ, бүлдіршінді құдыққа тастамас бұрын, басынан ұрып өлтірген деген болжам бар. Оқиғаны терезеден көрген Гүлнұр ЫБРАЕВА «кім болса да, туған баласын лақтырып кеткен ананы түсінбеймін» дейді.

«Арнайы мамандар келіп шақалақты құдықтан алып шыққанын көзіммен көрдім. Бала шамамен бар жоғы екі-үш айлық. Бұл жазықсыз сәбиді тастап кеткен осы жердің адамдары емес деп ойлаймын. Біз бәріміз білеміз ғой. Мында кім қашан босанғанын», – дейді Атбасар қаласының тұрғыны Гүлнұр Ыбраева.

Нәрестенің қашан және нақты қалай көз жұмғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Аталмыш факті бойынша Ақмола облыстық ІІД-нің мамандары қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Бір белгілісі, ҚР ҚК-нің 99-шы бабы, яғни, «Кісі өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті.

Дереккөзі: ratel.kz

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты
Бөлісу