Қызылорда облысындағы алдын ала әзірленген шараларға қарамастан, Сырдария Қалжан ахун атындағы ауылда орналасқан қорғаныс дамбасын шайып кетті, деп хабарлайды  Астана арнасы.

Өзен суы ауыл шаруашылық жердің екі мыңнан астам гектарын шайып кетті. Оның 500-і – күріш егілген жерлер. Қалғаны – жайылым мен шабындық жер.

«Су дамбаның жеті жерінен өткен. Қауіпті жерлерден адамдар көшірілді. Дамбаны 29 қаңтарда тесіп өткен. Содан бері апатпен екі мердігер ұйым күресіп жатыр. Яғни, алпыс адам мен 16 арнайы техника жұмылдырылды. Бірақ жарылған 1300 метр жерді жамау мүмкін болмай отыр», – деді маман.

Өңір билігі дамбаны 2-3 күнде қалпына келтіреміз деп отыр. Ал, аққан суды көктемде шығарады. Өйткені қазір ол қатып қалған. Аймақта ауа температурасы түнде -17 градусқа дейін барады.

«Сырдария ауданында төтенше жағдай жарияланды. Облыс әкімі ТЖ кеңесінің отырысын өткізді. Облыста Сырдарияның ұзындығы – 1274 шақырым. Оның 1111 шақырымында қалыңдығы 20-60 сантиметрлік мұз қатып қалған. Соның кесірінен кептеліп тұр. Ал, кептеліс болғанда су деңгейі көтеріледі. Сондықтан қазір дамбаны жарып, ауылға қарай ағып жатыр», – деп түсіндірді облыстық мобильді даярлық басқармасы басшының орынбасары Ғабит Жаңабаев.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты
Бөлісу