Америкалық Space X компаниясының иесі Илон Маск Falcon Heavy ауыр зымыран тасығышын ғарышқа ұшырды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Зымыран тасығыш 6 ақпан күні Флорида штатының Канаверал мүйісіндегі Кеннеди космодромынан Жер мен Марс арасындағы орбитаға ұшырылды. Falcon Heavy әлемдегі ең қуатты және ең көп жүк көтеретін зымыран саналады.

Зымыран ұшырылғаннан кейін шамамен сегіз минуттан соң оның екі жағына қосарлана тіркелген екі үдеткіш блогы Жерге оралып, Канаверал мүйісіне жақын Әуе күштері станциясына тігінен қонды. Ал оның орталық үдеткіш блогы мүйістен 400 километр қашықта Атлант мұхитындағы арнайы платформаға қонады деп жоспарланған. Бірақ үшінші үдеткіш блоктан әзірге еш сигнал жоқ.

Ғарыш кемесінің бортына Илон Масктың Tesla Roadster спорттық көлігі тиеліп, скафандр кигізілген қуыршақ адам отырғызылған. Falcon Heavy Жердің жақын орбитасына 64 тоннаға дейін жүк жеткізе алады.

Space X компаниясы Falcon Heavy-дің үдеткіш блоктарын екінші қайтара ғарышқа ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл іске асса, онда ғарышқа ұшу мен жүк жеткізу бағасы арзандауы мүмкін.

Былтыр наурыз айында Falcon 9 зымыран тасығышының алғашқы басқышы ғарышқа сәтті ұшырылғаны жария болған. Ал былтыр мамыр айында SpaceX Falcon Heavy ауыр зымыран тасығышының орталық блогы сынақтан өткізілген.

 

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты
Бөлісу