Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Алматы мен Алматы облысының басшыларын сын қырына алды, деп хабарлайды Today.kz “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Қыс ортасында көмір таппай сабылғандардың мәселесін жергілікті атқамінерлер шеше алмағандықтан, министрліктің өзі енді бұл іске араласпақ. Айта кетейік, өткен аптадан бері оңтүстік өңірдегі тұрғындар жағарға кесек отын таппай, шу шығып жатыр.

Әкімдердің жайбасарлығы, тапшылыққа бастарын қатырмауы министр Қанат Бозымбаевтың ашуын туғызды.  Көмір тапшылығы қолдан жасалған боп шықты. О баста жағдайдың ушығуы жүк вагондарының жетіспеуінен деген еді. Сөйтсе, жауапты компаниялар дер кезінде келісімшарт жасамаған. Олардың жауапсыздығы талай жұртты жауратып, күшіне мінген қаңтарда көмірсіз қалдырды.

“Жергілікті органдар қатаң бақылауда ұстау керек бұл мәселені. Мен тиісті әкімдермен өзім өткен аптада, осы аптада  сөйлескем. Қазір 16 мың тонна көмір  Алматыға және Алматы облысына жөнелтілді. Бүгін-ертең тупиктерге келіп, сатылатын болады”, – деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Министр айтқан, кешікпей жетер деген кесек отыннан бірақ әзірге хабар жоқ.  Алматыдағы көмір сататын негізгі орталықтар  тым-тырыс. Көпшілік мазаламасын дегені ме, сыртқы дарбазаларын да жауып тастаған. апшылықтан тарыққан тұрғындар не істерін білмей шаһарды шарлап жүр.  Қайда барса да таулары шағылады. Еститін жауаптары біреу: “Көмір жоқ!”

Әлеуметтік желіге көмірді таласып-тармасып мөшекке салып жатқан адамдар бейнеленген видео тарауда.

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты
Бөлісу