Абылайхан мен Қалдан ханның сөйлескені

Алғаш Әбілмансұр ханның қалмақ пен қазақ соғысқанда жекпе-жекте абылайлап шауып, қалмақтың Шарыш деген батырын өлтіріп, Абылай атанып, хан болғаны халыққа мәлім шығар.

Шарыш – қалмақтың Калдан ханына күйеу екен. Қалдан «Шарышымды Абылай өлтіріп, хан болыпты» дегенді естіп, қаһарланып: «Абылайды ұстап әкел» деп 30 мың әскер аттандырыпты.

Абылай ел шетінен қарауыл қарап, Ұлытауда ұйықтап жатқан жерінде қалмақтың қолы ұстап алыпты. Абылай қолдан жөн сұраса, бір ғана өзі үшін аттанған қол екенін білген соң, күтінбеген елді шаптырып қай- темін деп «Мен іздеген Абылайың» депті. Қалмақтың қолы Қалданның тапсырған Абылайын тапқан соң елге тимей кайтыпты. Бұл мәнді ел естіп, Әбілхайыр ханға хабар жеткізген соң, Әбілхайыр жәрдем сұрай Орынбордағы Неплюев деген генералға: «Біз орысқа қарағалы жүр едік, менің інім Абылайды Қалдан ұстап әкетті. Осыған жәрдем қып, босатып бер» десе, Қалданнан сұрата Миллер деген майорын жіберіпті.

Қазақтан тоқсан кісі сұрай барса, Абылайды арық атқа жайдақ мінгізіп, сауыт-сайман кигізіп, ташкиді айналтып, жетектетіп қойған екен. Сұраушылар жиылған соң Қалдан Абылайды алдына шақырып алып: «Мен сені Шарыш сықылды батырдың орайына өлтіргелі отырмын. Не арманың бар?», – депті. Абылай айтыпты: «Үш арманым бар: бірінші, мен аң сықылды жосып жүрген казақ деген халыққа хан болып едім. Бір жерге қала салып, ірге тепкізе алмай жосыған күйінде қалдырдым-ау деп арман қыламын». Қалдан «жөн» депті. «Екінші, мен Шарышты қан майданда жекпе-жекте өлтіріп едім. Сен аты қалмаққа сауын айтып, әскер жібергенде мен дін мұсылманға хабар айтып, Шарышқа майданда өлмей, қапыда ұйықтап ұсталып өлдім-ау деп арман қыламын». Қалдан «жөн» депті. «Үшінші, мен төрт атадан жалғыз едім, балам жоқ еді. Мен өлсем, тұқымым құрып кетеді-ау деп арман қыламын» дегенде Қалданның басы төмен түсіп кетіп, қалмақша: «Мен де үш атадан жалғыз едім, бұдағы менің мына көбегенім сықылды екен ғой», – деп баласын көрсеткенде Абылай: «Алдияр» депті. Қалдан «Неге қуандың?» десе, Абылай: «Мені балаңа теңедің, балаңды өлтіресің бе?», – депті.

Қалдан «жарайды, отыр» дегенде олай-бұлай жан-жағына жалтақтап гұрса, босағада қол-аяғы құлеттеулі аң аулап жүрген уақ Өтегенді ұстап алып, байлап қойған екен. Өтеген еңбектеп келіп, жауырынын тосқанда Дбылай көтін қойып отырыпты.

Қалдан Өтегенге «Мұның қалай?» десе: «Мынау тұғырсыз жерге қон- баған ақсұңқар еді, мен алтын тұғыр болсам аз ба?», – депті.

Қалдан кигіз көрпе салғызып, Абылайды отырғызып: «Еліңде қой көп пе?» десе, Абылай «көп» деп жауап береді.

Қалдан: «Қой – ұры, қойшы – өтірікші» деген. Ауыл үйдің арасынан ұсақ жанжал, берекесіздік қалмайды десеңші», – депті. «Сиыр көп пе?» десе, Абылай «көп» депті.

Қалдан: «Қазақтың баласы айранға сүйеніп, еңбекке еріншек, ақымақ болады десеңші», – депті.

«Қазак егін сала ма?» десе, Абылай: «Жоқ, егін салмайды», – депті Қалдан: «Адам егін салып, жер емшегін ембей, жерге бауыр баспайды, Әлі де неше төңкерілерсің», – депті.

Абылайдың алғашқы арманын, Қалданның долбарын естімеген ел жоқ. Бірақ іске асырған да адам көрінбейді. Әр не іс бастаушыдан бір болса, костаушыдан екі деп білуге болады-ау.

Қазақка Абылайдан үкіметті хан болды ма? Алғашқы хан болғандағы арманы қала салғызбаққа 70-ке жеткенше 70 үйдің басын бір жерге қоса алды ма?

Елі білмей, өзі білген ер – дарияның жүзіндегі жаңқадай ағынға амалсыз айдалып, жоғалады тағы.

Ырғызбай
«Алаш көсемсөзі» кітабынан,

«Жерұйық» порталы

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты
Жариялағанwww.zheruiyq.kz
Бөлісу