ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ ХАТЫ:

1921 ж. 19 тамыз

Мейірімді Ғ. аға!
Төменде хал-жайымды айтып өтініш ұсынам. Кейпіңізге келіспесе, кешірім өтінем.
Мен далалы жердегі дүниеден бейхабар жүрген, құмдағы еліңіздің баласымын. Маған, қазақша қол қысқа болғандықтан тіршілік ағыны ауырлығын салып, тұрмыс қысыңқы болып, тәртіпті-тәуір жердің аты болмаса, исін де сезгем жоқ. Бірақ қазақ казитасы шыға бастап, Абай, Ахмед, ШаҺ-Карим, Мағжан Һәм Сіздің түрлі кітапшаларыңыздағы өлеңдер мен сияқты үлгі көрмеген сынық көңіл бауырыңыздың жүрегін жылытып, еріксіз елжіретіп, иелерін тым сағындырушы еді.
Сондай хал-жайы бар бауырыңыз биыл көп жол азабын көріп, осы Ташкенге келіп еді. Мұнда жасымнан сағыңған, көруге ынтық болған Сізді көріп, мәжілістес болып жүргеніме өзімді бақытты санаймын.
Менің 15-16-ыншы жылдарда жазылған “Балдырған” өлең кітапшам бар еді, Һәм 18-інші жазылған бір сыпыра өлеңдерім бар еді. Бұларды анау әзірде Уәлиханға беріп едім, және осы күнде “Қызыл жалау” деген аз ғана жырымды жазып сізге ұсынам. Өтінішім: МЕН СИЯҚТЫ ТАЛАБЫ БАР, ТӘРТІБІ ЖОҚ ШАЛА ЖҮРГЕН БАУЫРЫҢЫЗДЫҢ ЖАЗУШЫЛЫҚҚА БЕТІН ТҮЗЕП, ОСЫ ЖАЗҒАНДАРЫМНЫҢ ЖАРЫҚҚА ШЫҒУЫНА СЕБЕП БОЛУЫҢЫЗДЫ КҮТЕМ.

Кішілікпен ініңіз
Ілияс Жансүгіров

Р.S: “Ғ. деген хат алушының есімі белгісіз” деп жазып қойыпты Әсет Ақмолда деген азамат. Бірақ, Ілияс Аға тұтар қандай “Ғ-лар” бар еді Алашта?

Жансүгіров өлең жазуды 1912 жылы бастаған. Оның «Балдырған», «Қызыл жалау» атты өлең дәптерлері кейін, 1957 жылы Ұлттық кітапханадан табылды. Жансүгіровтың баспа бетін көрген алғашқы туындылары – «Сарыарқаға», «Тілек» деген өлеңдері. Бұлар 1917 жылы Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде жарияланған. 1923 жылы «Сана» журналында «Мерген Бөкен» әңгімесі басылып шықты. Осыдан соң Жансүгіров өлеңдері «Тілші», «Ақжол», «Кедей еркі» газеттерінде жиі жарияланып жүрді.

Бізге керек дата  – 1921 ж. 19 тамыз. Және “Қызыл жалау” еңбегінің қашан жарық көргені. Ал, ғаламтордан іздеп көрдік:

“Қызыл жалаудың” қашан жарық көргені интернетте жоқ екен.

  • Ілияс Жансүгіров 1919 жылы. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсқа түседі.
  • Оны бітірген соң өз ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады. (Ал, бұл «Тілші» газеті 1922 жылдың 18-тамызынан бастап шыға бастаған. Алғашқы редакторы Сәдуақас Оспанов болған. Кейін бұл жұмысты Сара Есова жалғастырған. Содан бұл басылым 1929 жылдың соңына дейін, яғни Алматы жаңа астанаға айналғанға дейін үзбей жарық көрді.)

1920 жылдың 1-қарашасынан бастап «Ұшқынның» орнына енді «Бұқара» газеті шығарыла бастайды. Ұйғыр тілінде оның 1921 жылдың наурыз айына дейін 17 нөмірі жарық көрген. Редакторы Исмайыл Таиров. Бірақ 1921 жылы партияның жаңа экономикалық саясатқа көшуіне байланысты шешім қабылдануына орай бұл басылым шығуын тоқтатады да, орнына Қ. Абдуллин редакторлық еткен «Кедей еркі» газеті дүниеге келеді. (Газет редакторына хат жазып отыр ма десек, “Ғ” әрпі бұнда да кездеспеді.)  «Кедей еркінің» 1922 жылдың тамыз айына дейін барлығы 25 саны жарық көрген.

Бұл басылымда Ғ. Садыров деген белсенді автордың мақалалары да жарияланыпты. Бірақ, бірақ ол “Ғ” емес шығар.

…Қазақта қандай “Ғ”-лар бар еді? Ойланайық кәні:

Ғабит Мүсірепов. Ол – Ілиястың інісі болып кетеді екен.

Ғабиден Мұстафин. Ол да солай.

О-о-о, таптым Ғаббасов (Ақмола және Семей облыстарын Қазақстан қарамағына алу жөніндегі Қаз ОАКнің төтенше комиссиясының мүшесі (1921-1923), Семейдегі педтехникум оқытушысы, қазақ АКСРның Мемлекеттік жоспарлау комитетінде және басқа да орындарда қызмет атқарды.). Жоқ, бұл фамилясы екен ғой, Халел болып кетеді. Бірақ, Ғаббасов та мықты арыстың бірі болған екен ғой, Абайдың баласы Тұрағұлмен бірге жер аударылыпты… 

Міне, тапқан сияқтымын. Мүмкін, Ғұмар шығар?! Иә, Ғұмар Қараш.

Ғаламтор не дейді екен? Көрелік…

Ғұмар Қараш (1875 жылы туған, Ілиястан үлкен ғой) – ақын, қоғам қайраткері. 1920 жылы маусымда Бөкейдің II губерниялық коммунистік партиясы конференциясында губкомның пленум мүшесі, ал сол жолы I пленумда губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып сайланды.

“Күнбатыс Алашордасының идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», – деген екен.”

Қайран, Алаш азаматтары-ай, неткен мейірімді едіңдер.

Мүмкін, Ілиястың “Мейірімді Ғ. ағасы!” осы – ҒҰМАР ҚАРАШ болар деген ойға келдім бір сәтке… 

Ілияс “Аға” дерлік қазақта қандай “Ғ-лар” бар еді тағы… Ойланыңыздаршы?

Еркін Ұл,

2017 жыл, 12 желтоқсан

 

 

 

 

Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты
ЖариялағанӘсет Ақмолда
Бөлісу